homepage
Фото: AP Photo/Darko Bandic

Сириядағы бұрынғы ядролық нысаннан уран ізі табылды

03.09.2025, 10:30

МАГАТЭ Сириядағы бұрынғы ядролық бағдарламаға қатысы бар делінген нысанда уранның ізі табылғанын хабарлады деп хабарлайды Juzmedia.kz Ассошиэйтед Пресске сілтеме жасап.

МАГАТЭ басшысы Рафаэль Мариано Гросси бұған дейін Сирияның кейбір әрекеттері ядролық қарумен байланысты болуы мүмкін екенін айтқан еді.

Өткен жылы инспекторлар Дейр-эз-Зор провинциясындағы үш нысаннан сынама алып, олардың бірінде уранның жасанды бөлшектерін тапқан. Бұл жерде 2007 жылы Израиль әуе соққысымен жойып жіберген жасырын ядролық реактор болғаны бұрын мәлімделген.

Башар Асад билігі кезінде агенттікке толық жауап берілмегенімен, қазіргі уақытша президент Ахмад аш-Шара бастаған үкімет МАГАТЭ-мен ынтымақтастыққа келісіп отыр.

Инспекторлар қосымша сынама алып, нәтижесін талдамақ. Сонымен қатар, ұйым Сирияның болашақта бейбіт мақсаттағы ядролық энергетикаға қызығушылық білдіргенін атап өтті.