Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Енді азаматтарға шақырту SMS-хабарлама арқылы және eGov порталындағы жеке кабинетке ресми жеткізіледі, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ведомство мәліметінше, биыл 1 қыркүйектен 30 желтоқсанға дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 22 мыңға жуық азамат әскер қатарына алынады. Олар Қарулы күштерде, Ұлттық ұланда, Шекара қызметінде, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтейді.
Жаңа жүйе ішкі көші-қон кезінде азаматтарды әскери есепке автоматты түрде тіркеуді де қарастырады. Жыл басынан бері бұл мүмкіндікті 250 мыңға жуық адам пайдаланған.
Қорғаныс министрлігі шақыру процесін цифрландыру рәсімдерді жеңілдетіп, жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын оңтайландыратынын атап өтті.