Әлемдегі ең ірі геноцидті зерттеуші ғалымдардың қауымдастығы Израильдің Газа секторындағы әрекеттері 1948 жылғы БҰҰ Конвенциясында көрсетілген геноцид анықтамасына толық сәйкес келеді деген қарар қабылдады. Бұл туралы қауымдастық президенті, халықаралық құқық профессоры Мелани О’Брайен хабарлады деп жазады Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
500 мүшесі бар қауымдастықтың 86%-ы Израильдің саясаты мен іс-қимылдары геноцидтің заңдық белгілеріне сай келеді деп дауыс берген. Қарарда палестиналықтарға қарсы бейбіт тұрғындарды әдейі өлтіру, гуманитарлық көмекті, суды және азық-түлікті тоқтату, зорлық-зомбылық пен күштеп көшіру сияқты әрекеттер аталып, мұның барлығы халықаралық қылмысқа жататыны айтылған.
Израиль Сыртқы істер министрлігі бұл мәлімдемені «ұятты» және «Хамастың жалған науқанына негізделген» деп бағалап, айыптарды үзілді-кесілді жоққа шығарды. Ел билігі өз әрекеттерін өзін-өзі қорғау шарасы деп түсіндіреді.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың қазанында Хамас шабуылынан кейін басталған соғыста Газа секторында 63 мыңнан астам адам қаза тапты, тұрғындардың басым бөлігі үйлерін тастап шығуға мәжбүр болды.