Қазақстанда 2025 жылғы тамызда ең төменгі күнкөріс деңгейі бір айда 6,3%-ға қымбаттап, 62 180 теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,6%-ға жоғары, деп хабарлайды Juzmedia.kz NUR.KZ сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, күнкөріс минимумының 55%-ы (34 199 теңге) азық-түлікке, ал 45%-ы (27 981 теңге) тауарлар мен қызметтерге жұмсалады. Бұл сома халықтың тек базалық қажеттіліктерін өтеуге арналған. Сарапшылардың айтуынша, мұндай есеп «айлық өмір сүру минимумын» емес, «тіршілік етуге жеткілікті себетті» білдіреді.
Аймақтар арасында ең жоғары көрсеткіш дәстүрлі түрде Маңғыстау облысында тіркелді – 73 276 теңге. Екінші орында – Шығыс Қазақстан облысы (67 077 теңге), үшінші орында – Астана (66 204 теңге). Алматыда күнкөріс деңгейі 65 573 теңге, Шымкентте – 61 489 теңге, ал ең төменгі көрсеткіш Қызылорда облысында – 55 185 теңге болды.
Бұл деректер Қазақстандағы азық-түлік пен қызмет бағасының айтарлықтай өсуін тағы бір мәрте көрсетіп отыр.