homepage
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны басталды

02.09.2025, 11:11

1 қыркүйектен 1 қарашаға дейін азаматтар қалаған емханасын таңдап немесе ауыстыра алады. Жаңа емханаға өтініш бергендер медициналық көмекке 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қол жеткізеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Науқанға Қазақстан азаматтары, тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тіркеле алады. Сондай-ақ, сақтандыру шарты болған жағдайда Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келген еңбек мигранттары мен олардың отбасы мүшелері де емханаға бекітіле алады.

Тіркеу eGov порталы арқылы немесе таңдаған емханаға тікелей өтініш берумен жүргізіледі. Бұрынғы емханадан шығу автоматты түрде жүзеге асады. Егер азамат емханасын өзгертпесе, қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

Қадамдық қолжетімділік қағидаты бойынша емхана тұрғылықты жерден 15-20 минуттық қашықтықта болуы ұсынылады. Бір учаскеге бекітілетін халық саны шектеулі: жалпы практика дәрігеріне – 1700 адамға дейін, учаскелік терапевтке – 2200 ересек адамға дейін, ал педиатрға 0-6 жас аралығындағы 500 бала немесе 0-14 жас аралығындағы 900 балаға дейін тіркелуі мүмкін.

Биылғы тіркеу науқанына 694 емхана қатысуда. Науқаннан тыс уақытта да емхананы жылына бір рет ауыстыруға болады, сондай-ақ көшу, жұмыс не оқу орнын өзгерту сияқты себептерге байланысты тіркеу мерзімін күтпей ауыстыруға рұқсат етіледі.

Азаматтарға қосымша ақпарат алу үшін әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайтына немесе Qoldau 24/7 қосымшасына жүгінуге болады.