homepage
REUTERS/Stringer

Ауғанстанда жойқын жер сілкінісінен 800-ден астам адам қаза тапты

02.09.2025, 10:48

Ауғанстанның шығысындағы Кунар мен Нангархар провинцияларында жер сілкінісінен кемінде 812 адам қаза тауып, 2 800-ден астам адам жараланды, деп хабарлайды juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Қуаты 6 балдық зілзала түн ортасында, 10 шақырым тереңдікте болған. Мыңдаған адам үйінді астында қалды, тікұшақтар мен әскери құтқарушылар жаралыларды ауруханаларға жеткізіп жатыр. Кунар провинциясындағы үш ауыл толықтай қирап, ондаған елдімекен айтарлықтай зақымданды.

Ауғанстан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Шарафат Замани халықаралық қауымдастықтан көмек сұрады:
«Көптеген адам өмірінен айырылды, үйлері қирады. Бізге жедел көмек қажет», – деді ол.

Бұл – 2021 жылы «Талибан» билікке келгеннен бері тіркелген үшінші ірі зілзала. Соңғы жылдары халықаралық гуманитарлық көмектің көлемі күрт азайған: 2022 жылғы 3,8 млрд доллардан биылғы жылы небәрі 767 млн долларға дейін төмендеді.

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш өзінің X парақшасында миссия Ауғанстанға көмек көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Ал Қытай тарапы «Ауғанстанның қажеттілігіне қарай» қолдау білдіруге әзір екенін жеткізді.

Ел аумағы Гималай мен Гиндукуш таулы аймағында орналасқандықтан, Ауғанстан жер сілкінісіне ең бейім елдердің бірі саналады.