homepage
Фото: Ernur.kz

Мектепте буллингке қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілді

01.09.2025, 16:38

1 қыркүйектен бастап мектептер мен балабақшаларда балалардың құқықтарын қорғау бағытында бірқатар жаңа шаралар іске асырылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Енді мектептер мен колледждерде «ДосболLIKE» атты антибуллингтік бағдарлама жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық балабақша, мектеп және колледжде жеке қауіпсіздікке арналған апталық сабақтар өтеді. Сынып сағаттарында балаларға интернеттегі қауіпсіздік ережелері, алаяқтардан қорғану жолдары мен төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер үйретіледі.

Буллингке қатысты әкімшілік жауапкершілік енгізілді: алғаш рет айыппұл – 10 АЕК, қайталанса – 30 АЕК. Ал «111» байланыс орталығының QR-кодтары барлық мектептерге орналастырылып, балаларға өз құқықтарының бұзылуы туралы жасырын әрі жедел хабарлау мүмкіндігі берілді.

Сонымен бірге балаларға психологиялық көмек көрсететін 20 орталық жұмысын жалғастырып отыр. Бұл орталықтар тәулік бойы кеңес беруге дайын.

Балалардың қауіпсіздігі қоғамдық көлікке де қатысты: жүргізушілерге 16 жасқа дейінгі балаларды ересектерсіз түсіруге тыйым салынды.

Әлеуметтік қолдау шеңберінде «Жалпыға бірдей білім беру» қоры арқылы 500 мыңнан астам балаға оқу-құралдары мен киім-кешек алуға 25,3 млрд теңге бөлінді.

Жүйелі қорғау үшін Ақтөбе облысында балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды. Алдағы уақытта мұндай құрылымдар барлық өңірлерде ашылмақ. Сондай-ақ қамқоршылық органдарының штаты үш есеге ұлғайып, қазіргі таңда 896 маман жұмыс істеп жатыр.