Қаржы мониторингі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен «БМ» ЖШС және оған қатысы бар компания басшыларына қатысты қылмыстық топ құрып, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, Махмадов Сұлтанның басшылығымен жұмыс істеген топ лицензиясыз этил спиртін өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу ісін ұйымдастырған.
Заңсыз әрекет биоэтанол және мал азығына арналған қоспаларды өндіру ретінде жасырын көрсетілген. Нәтижесінде өндірістік аумақта толық жабдықталған жасырын спирт зауыты табылды.
Қылмыстық топ бірнеше өңірді қамтитын өткізу арнасын құрып, Жамбыл мен Шығыс Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ Шымкенттегі цехтарға спирт жеткізіп отырған. Онда денсаулыққа қауіпті суррогат алкоголь жасалған.
Жедел іс-шара кезінде көлеңкелі айналымнан 280 млн теңгеден асатын 122 мың литр этил спирті тәркіленді. Тінту барысында өндірістік база аумағынан 18 майнинг құрылғысы да анықталды. Қазір жеті автокөлікке тыйым салынды.
Ұйымдастырушы Махмадов екі айға қамауға алынды.