Қазақстандық Анна Гильмиярова жазылушылардың ықыласына толқып, көз жасына ерік берген сәтін әлеуметтік желіде бөлісті. Бұған дейін ол Грузияда жерлес қызбен қазақша сөйлескен видеосымен жұртты сүйсіндірген еді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Желі қолданушылары жүздеген жылы пікір қалдырып, ризашылықтарын білдірді. Аннаның айтуынша, қазақ тілін үйрену өзіне ғана қажет іс болғанымен, көпшіліктің қолдауы бұл қадамға өзгеше мән берген. «Мен тіл үйренуді ешкімге дәлелдеу үшін емес, өзім үшін жасадым. Бірақ соның өзі адамдарға әсер еткенін көру – ерекше сезім», – дейді ол. Әсіресе бір жазылушыдан Шымкентке қонаққа шақырту алуы оның жүрегін терең тебіренткен.
Бұл оқиға қазақ тілін үйренуге талпынған әр адамның шағын қадамы да үлкен маңызға ие екенін, ал қоғамдағы осындай сәттер тілдің шынайы біріктіруші күшке айналып келе жатқанын көрсетті.