АҚШ Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббастың қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысуына рұқсат бермейді. Мемлекеттік департаменттің шешімі бойынша Аббаспен бірге тағы 80-ге жуық палестиналыққа виза берілмейді деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Аббас Бас Ассамблеядағы жыл сайынғы жиынға қатысуды, сондай-ақ Франция мен Сауд Арабиясы ұйымдастыратын саммитке баруды жоспарлаған. Онда Ұлыбритания, Франция, Австралия және Канада Палестинаны мемлекет ретінде ресми танитынын мәлімдемек.
Палестина тарапы АҚШ шешіміне таңданыс білдіріп, бұл БҰҰ «штаб-пәтері туралы келісімін» бұзу екенін айтты.
АҚШ болса, Палестина билігі экстремизмнен бас тартпай отыр және біржақты түрде мемлекет танылуын талап етуде деп түсіндірді. Израиль бұл шешімді құптап, қолдау білдірді. Ал БҰҰ өкілдері мәселені АҚШ-пен талқылайтынын мәлімдеді.
Еске сала кетейік, 1988 жылы да АҚШ Ясир Арафатқа виза бермей қойған еді. Сол кезде БҰҰ Бас Ассамблеясы оның сөз сөйлеуі үшін Женевада өткен болатын. Бүгінде БҰҰ-ның 193 мүшесінің кемінде 147-сі Палестинаны мемлекет ретінде мойындаған.