Meta компаниясы танымал жұлдыздардың рұқсатынсыз олардың есімдері мен бейнелерін қолдана отырып, әлеуметтік желілерге ондаған флиртке толы чат-боттар шығарған. Олардың ішінде Тейлор Свифт, Скарлетт Йоханссон, Энн Хэтэуэй және Селена Гомеске «ұқсас» нұсқалар бар деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Көптеген боттарды қолданушылар Meta-ның арнайы құралы арқылы жасаса, кемінде үшеуін Meta қызметкерінің өзі құрастырғаны анықталды.
Reuters сынақ барысында бұл боттардың өзін нағыз актер немесе әнші ретінде таныстырып, тіпті сексуалды мазмұндағы ұсыныстар айтқанын байқаған. Тіпті жасөспірім актердің бейнесі қолданылған бот та табылып, ол шынайы фотосуретке ұқсайтын бейәдеп суреттер жасаған.
Meta өкілі Энди Стоун мұндай контент компанияның өз ережелеріне қайшы екенін мойындап, қателік орын алғанын айтты.
«Қоғамдық тұлғалардың бейнесін қолдануға рұқсат бар, бірақ интимді, жалаңаш немесе әдепсіз мазмұнға тыйым салынған», – деді ол.
Оқиға жарияланардан сәл бұрын Meta он шақты ботты өшіріп үлгерген.
Заңгерлер мұндай әрекет жұлдыздардың «бейнесін коммерциялық мақсатта заңсыз пайдалану» деп танылуы мүмкін екенін айтады.
SAG-AFTRA актерлер одағы да қауіпсіздік тұрғысынан мұндай чат-боттар фанаттар мен психологиялық тұрақсыз адамдар үшін қауіпті болуы мүмкін деп ескертіп отыр.
Reuters-тің дерегінше, Meta жасаған жұлдыздарға ұқсас чат-боттар миллиондаған рет қолданылған. Қоғамда мұндай технологияға заңдық тосқауыл қою мәселесі қызу талқыланып жатыр.