Тайвань билігінің есебінше, Қытай 2024 жылы Тайвань бұғазында, Шығыс және Оңтүстік Қытай теңіздерінде және Батыс Тынық мұхитында өткізген әскери жаттығуларға шамамен 21 млрд доллар жұмсаған. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 40%-ға жоғары деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
Reuters қолына түскен Тайвань қарулы күштерінің ішкі зерттеуінде ұшақтар мен кемелердің қозғалысы, отын мен өзге де шығындар ескеріліп жасалған есеп берілген.
Ресми Бейжің 2024 жылға 1,67 трлн юань (233 млрд доллар) әскери бюджет бекіткен, алайда дипломаттар бұл сан төмендетіліп көрсетілгеніне сенімді. Қытай қорғаныс министрлігі мен Тайвань істері басқармасы түсініктеме бермеді.
Тайвань дерегіне сәйкес, өткен жылы қытайлық әскери авиация аймақта 12 мыңға жуық рет ұшқан, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық.
Әскери теңіз күштері 86 мыңнан астам рейд жасап, теңізде жалпы уақыты 2 млн сағаттан асқан. Олардың 34%-ы Оңтүстік Қытай теңізінде, 28%-ы Шығыс Қытай теңізінде, ал 14%-ы Тайвань бұғазында болған.
Тайвань тарапы мұндай әрекеттер аймақтағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қатер төндіріп отыр деп санайды.