homepage
Фото: Dalanews.kz

Алаяқтар кесірінен бұғатталған қаражатты қайтару процесі жеңілдеді

28.08.2025, 15:57

Ұлттық Банк қаржылық алаяқтықпен күресті күшейтті. Енді алаяқтар заңсыз аудармақ болған қаражат сот шешімін күтпей-ақ, прокурордың санкциясымен тезірек иесіне қайтарылады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұрын біреуді алдап, оның ақшасын өз шотына аударған жағдайда қаражат уақытша бұғатталатын. Бірақ оны қайтару үшін сот шешімін күтуге тура келетін. Бұл процесс ұзаққа созылып, азаматтардың өз қаржысын уақытында алуына кедергі болатын. Жаңа заң осы олқылықты жойып, ақшаны тез қайтаруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге заңда бірнеше жаңа норма қарастырылды. Енді күдікті карталар мен электронды әмияндардың дерекқоры жасалады. Шоты бұғатталған адамдардың зейнетақысы, шәкіртақысы, жәрдемақысы және жалақысы бұғатталмайды. Ал күдікті аударымдарды тексеру мерзімі 3 күннен 5 жұмыс күніне ұзартылды. Ең маңыздысы – банк картасын немесе шотын алаяқтарға бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, бұл өзгерістер қаржы пирамидаларына, заңсыз ойын бизнесіне және есірткі саудасына да тосқауыл болады. Алдағы уақытта Антифрод-орталықтың дерекқоры Бас прокуратура, ҰҚК, Цифрлық даму министрлігі және мобильді операторлармен біріктіріледі. Сондай-ақ банк қосымшаларында күдікті белсенділікті жасанды интеллект анықтайтын жүйе енгізілмек.

Қазірдің өзінде Антифрод-орталық 200-ден астам ұйымды қамтып, 80 мыңнан астам күмәнді әрекетті тіркеді. Соның арқасында 3 млрд теңге иелеріне қайтарылды.