homepage
Фото: euronews.com

Қытайдағы әскери парадқа Путин мен Ким Чен Ын қатысады

28.08.2025, 12:15

Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын алдағы аптада Бейжіңде өтетін әскери парадқа қатысады. Бұл олардың Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен бірге алғаш рет көпшілік алдына шығып, Батыс қысымына қарсы ортақ ұстанымды көрсетуі деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Қытай Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, парадқа 26 мемлекет басшысы мен үкімет өкілдері келеді, алайда Батыс елдерінің басшылары қатыспайды. Еуропалық Одақтан тек Словакия премьер-министрі Роберт Фицоның келетіні расталды.

Іс-шараға Беларусь президенті Александр Лукашенко, Иран президенті Масуд Пезешкиан, Индонезия президенті Прабово Субианто, Сербия басшысы Александр Вучич және Оңтүстік Корея парламентінің спикері У Уоншик те қатыспақ.

3 қыркүйекте Жапонияның Екінші дүниежүзілік соғыстағы ресми тізе бүгуіне 80 жыл толуына орай өтетін «Жеңіс күні» парады Қытайдың әскери қуатын паш ететін ең ауқымды шаралардың бірі болмақ.

Тяньаньмэнь алаңында Си Цзиньпин шетелдік қонақтармен бірге ондаған мың сарбазды қабылдап, заманауи жойғыш ұшақтар, зымыранға қарсы жүйелер және гипердыбыстық қарулар көрсетіледі.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Батыс санкцияларына тап болып, экономикасы рецессия алдында тұр. Сол сияқты Солтүстік Корея да 2006 жылдан бері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің ядролық қару және баллистикалық зымыран бағдарламалары үшін санкциясына ұшыраған.

Парадтағы үш елдің бірлескен қатысуы Бейжіңнің санкцияға ұшыраған одақтастарымен байланысын ашық қолдау ретінде бағаланып отыр.