homepage
Фото: juzmedia.kz

34 қазақстандық блогер онлайн-казино жарнамалаған

28.08.2025, 10:20

Қаржы мониторингі агенттігі жыл басынан бері 34 қазақстандық блогердің заңсыз онлайн-казино жарнамасына қатысы барын анықтады. Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 23 контент жасаушыға қатысты материалдар Мәдениет министрлігіне жолданды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Агенттіктің дерегінше, хип-хоп орындаушы «Baller» (шын аты – Шыңғысхан Көпбаев) осы бап бойынша бес рет жауапқа тартылған. 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа да әкімшілік іс қозғалды.

Инфлюенсер Қайсар Қамза өзінің телеграм-арнасында заңсыз ойындарды тұрақты насихаттап, жалған жеңімпаздардың видеоларын жариялап келген. Ал Наиль Тұрғанов онлайн-казино жарнамасы үшін 8 млн теңгеден астам қаржы алған.

Нұрғазы Тоқтаров («Nakonay Qarapaiym») заңсыз платформаларды белсенді насихаттап, 15,8 млн теңге жарнама үшін алған. Оның жартысына жуығын өзі ойнап ұтылып қалған.

Қыздар арасынан Мариям Құлжабаева («@oomariko») небәрі 350 мың теңгеге стористер жариялаған, сондай-ақ Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова да аталмыш тізімге іліккен.

АФМ мәліметінше, блогерлер айыппұлдарын төлегенімен, заңсыз жарнаманы жалғастырып жүр. Осыған байланысты агенттік олардың әрекетін Қылмыстық кодекстің 28-бабы аясында заңсыз ойын бизнесіне көмектесу ретінде қарастыруды ұсынып, онлайн-казино жарнамасы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу бастамасын көтерді.