Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматыдағы спорт нысандарын аралап, сапар қорытындысында «Қайрат» академиясының спортшыларды кешенді дайындаудың тиімді үлгісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Министр өзге мекемелерге де осы тәжірибені қолдануға шақырды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Академияда 8 бен 13 жас аралығындағы балалар бірыңғай әдістеме бойынша жаттығады. Спортшылардың денсаулығы арнайы журнал арқылы бақылауда ұсталып, олардың жарақаты мен қалпына келу үдерісі жүйелі тіркеліп отырады. Сонымен қатар, академияның еліміздің әр өңірінде 11 филиалы жұмыс істейді.
Министрдің айтуынша, мұндай үлгінің табысты болуына кәсіби кадрлық база, заманауи инфрақұрылым және ғылым мен білімнің өзара ықпалдастығы негіз болып отыр. Осы бағытта спорт нысандарын түгендеу, әр нысанға басым спорт түрлерін айқындау және федерациялармен бірге ғылыми-білім беруді күшейту жоспарланып отыр.