Алматының «Қайрат» футбол клубының Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуы ел экономикасына да айтарлықтай серпін бермек. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының есебінше, Алматыда өтетін төрт ойынды көруге 4 мыңнан астам шетелдік жанкүйер келіп, шамамен 3 миллиард теңге кіріс әкелед деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Есепке сәйкес, әр матчқа орта есеппен мыңға жуық шетелдік мейман келеді. Олар қонақүйде тұрып, тамақтанып, көлік пен өзге де сервистік қызметтерге шығындалады.
Орташа алғанда, әр турист сапары барысында шамамен 1400 доллар жұмсайды. Негізгі табыс осы шығындар есебінен қалыптасады.
Компания дерегінше, Чемпиондар лигасының матчтары әлемнің 200-ден астам елінде көрсетіледі. Бұл Қазақстанды жүздеген миллион көрерменге паш етіп, елдің туристік әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Туристік және сервистік индустрия үшін мұндай халықаралық іс-шара қонақжайлылық деңгейін көрсетуге таптырмас алаң болмақ.