homepage
Фото: REUTERS/Pavel Mikheyev

Шетелдік басылымдар Қайрат пен Селтик мачты туралы не жазды?

27.08.2025, 16:18

26 тамыз күні қазақстандық футбол үшін тарихи күн болды. Алматының «Қайраты» Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде Еуропаның даңқты клубы «Селтикті» жарыстан шығарып, тұңғыш рет топтық кезеңге жолдама алды. Екі ойында да есеп ашылмай, тағдырды пенальти шешті. Сол серияда 21 жастағы қақпашы Темірлан Анарбеков үш соққыны қайтара отырып, ел футболын жаңа деңгейге шығарды.

Бұл сенсацияға шетелдік басылымдар әр қырынан баға берді. talkSPORT жеңілісті «масқара» деп сипаттап, «Селтик» үшін қаржылық әрі беделдік соққы екенін баса жазды. Олардың есебінше, клуб топтық кезеңге өтсе, шамамен 30 миллион фунт табыс табар еді. Бұл қаражат енді шотланд футболының ішкі айналымында емес, Қазақстан футболына құйылады.

Басылым жанкүйерлердің ашулы пікірлерін келтіріп, клуб басшылығының трансфер саясатын «әлсіз әрі дәрменсіз» деп атады. Олардың пайымынша, «Селтик» 22 соққы жасап та нәтиже көрсете алмауы – бүкіл команданың дәрменсіздігінің көрінісі.

Sky Sports эмоционалды айқайдан гөрі себеп-салдарды саралады. Брендан Роджерс жеңілісті «үлкен соққы» деп атады. Басылым нақты деректерді көрсетті: жазда клуб небәрі 3 миллион фунтқа ойыншы әкелсе, шамамен 20 миллионды сатылымнан түсірген. Нәтижесінде негізгі шабуылшы Фурухаши мен қанаттағы Кунның орны толмай қалды.

Сарапшылар Кайратты «robust» – берік әрі қайсар команда деп атап, олардың физикалық тұрғыда артықшылығын санмен дәлелдеді: жеке дуэльдерде 75-63 есебімен басым болған. Яғни Кайрат техникалық шеберліктен емес, тәртіп пен қажырдан жеңіс тапты.

Reuters болса бейтарап үнмен жазды. Агенттік Кайраттың тарихи жеңісін Бодо/Глимт пен Пафостың да алғаш рет топтық кезеңге шыққанымен бірге атап өтті. Олар үшін басты назар – Анарбековтің соңғы минуттардағы қақпаны құтқарып, пенальтиде ерлік танытуы болды. Жазылған мәтінде эмоция көп емес, барлығы дерек пен тарихи маңызына сүйеніп берілген.

Қорытындылай келе, британдық басылымдар үшін бұл матч ең әуелі «Селтиктің» күйреуі, стратегиялық олқылықтары мен қаржылық шығыны ретінде қарастырылды. Ал халықаралық агенттік Кайраттың жетістігін Еуропа футбол кеңістігіне шыққан жаңа ойыншының қадамы деп бағалады. Бұл жеңіс – бір клубтың емес, бүкіл Қазақстан футболының беделін көтерген тарихи белес.