Қазақстан Үкіметі 2030 жылдан бастап бюджет тапшылығын толық жоюға ниетті. Бұл туралы 2026–2035 жылдарға арналған ұзақмерзімді даму болжамын таныстырған Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Болжамға сәйкес, алдағы он жылда ЖІӨ-нің орташа жылдық өсімі 4,5 пайызды құрап, 2035 жылға қарай номиналды көлемі 473,2 трлн теңгеге жетуі тиіс. Мемлекеттік бюджеттің кірісі 66,8 трлн теңгеге дейін ұлғаюы күтіледі.
Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт 2029 жылдан бастап біртіндеп қысқарып, 2 трлн теңгеге дейін төмендейді. Осыған байланысты бюджет тапшылығы 2029 жылы ЖІӨ-нің 0,4 пайызына дейін азайып, 2030 жылдан бастап толық жойылады деп жоспарланып отыр.