homepage
Фото: REUTERS/Hatem Khaled

Израильдің Газа ауруханасына жасаған соққысынан 15 адам қаза тапты

25.08.2025, 17:20

Газа секторындағы Насср ауруханасына жасалған әуе шабуылынан кемінде 15 адам қаза тауып, олардың ішінде төрт журналист бар. Құрбандар арасында Reuters агенттігінің операторы Хуссам әл-Масри де бар, ол алғашқы соққы кезінде көз жұмған деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Куәгерлердің айтуынша, екінші соққы алғашқы жарылыстан кейін оқиға орнына жеткен құтқарушылар мен журналистердің үстінен жасалған.

Reuters агенттігінің фототілшісі Хатем Халед жараланып, оған шұғыл медициналық көмек қажет болды. Қалған үш журналист – Мариам Әбу Дагга (AP агенттігінің фрилансері), Мұхаммед Салама (Al Jazeera тілшісі) және Моаз Әбу Таха да қаза тапқан. Сондай-ақ бір құтқарушының мерт болғаны хабарланды.

Палестина журналистер одағы бұл оқиғаны “еркін медианы жоюға бағытталған ашық соғыс” деп айыптады. Ұйымның дерегінше, 2023 жылғы 7 қазаннан бері Газа секторында 240-тан астам журналист Израиль шабуылдарынан қаза тапқан.