homepage
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандық әншілер «Новая волна – 2025» байқауында топ жарды

25.08.2025, 16:51

Отандық өнерпаз Александр Лим «Новая волна – 2025» халықаралық жас орындаушылар байқауында жеңімпаз атанып, бұл фестивальде алғаш рет жеңіске жеткен қазақстандық болды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әнші әлеуметтік желідегі кавер-видеоларымен танымал. Ол бірнеше тілде хит әндерді орындап, мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленген.

Бұған дейін Александр «I’m a singer Kazakhstan» жобасында жартылай финалға шығып, «Голос Украины» шоуында да нокаут кезеңіне дейін жеткен еді.

Сондай-ақ тағы бір қазақстандық Ерназар Жұбан байқаудың үшінші жүлдесін жеңіп алды. Өткен жылы ол «Славян базары» халықаралық вокалдық додасында бірінші орын алған болатын.

Мәдениет және ақпарат министрлігі жас өнерпаздарды құттықтап, бұл жеңістің қазақ ән өнерінің халықаралық деңгейдегі беделін арттыра түскенін атап өтті.