homepage

Бір адам қаза тапты: Ақтөбеде әскери тікұшақ апатқа ұшырады

Juzmedia. kz
09.11.2024, 14:31

Ақтөбе облысы Сарыжар ауылының маңында Әуе қорғанысы күштері әскери институтының Ми-8 тікұшағы оқу-жаттығу ұшуларын орындау кезінде апатты жағдайда қонды6 деп хабарлайды Juzmedia.kz.

ОҚИҒАНЫҢ МӘН-ЖАЙЫ

Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, қайғылы оқиғадан бір адам қаза тапқан.

“3 экипаж мүшесінің біреуі қаза тапты. Екеуі ауруханаға жеткізілді. Оларға қажетті медициналық көмек көрсетілді. Авиациялық оқиғаның алдын ала себебі - техникалық ақаулық”, - делінген министрлік хабарламасында.

Қазіргі кезде оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

“Жергілікті жерде ведомствоаралық жедел топ жұмыс істеуде. Қарулы күштердің басшылығы мен Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы қаза тапқан әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Оның туыстарына, сондай-ақ зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі”, - делінген хабарламада.

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАНДАЙ?

Ақтөбе облысының Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлағандай, зардап шеккендер Ақтөбедегі стационарға жеткізілді.   

"Ауылда тікұшақ құлағаны туралы хабарлама “103” нөміріне 9 қарашада сағат 11:36-да түсті. Оқиға орнында екі науқасқа Мәртөк аудандық ауруханасының жедел жәрдем бригадасы көмек көрсетті. Бір жәбірленуші 103 келгенге дейін қаза тапты", - деп жазылған хабарламада.

Ақтөбеде науқастарды әуе айлағында екі жансақтау бригадасы қарсы алды. Екі адамды күйік шалған. Қазір зардап шеккендерге диагностика жүргізіліп жатыр.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.