2025 жылдың басынан 1 тамызына дейін 8 051 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін иеленді. Жалпы 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 156 мыңнан астам этникалық қазақ оралды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Биыл елге келген қандастардың 44,2%-ы Өзбекстаннан, 43,2%-ы Қытайдан, 5%-ы Түрікменстаннан, 2,7%-ы Моңғолиядан, 2,4%-ы Ресейден және 2,5%-ы басқа елдерден келген. Этникалық қоныс аударушылардың 59,1%-ы еңбекке қабілетті жаста болса, 31,8%-ы – балалар, 9,1%-ы – зейнеткерлер. Жоғары білімділердің үлесі 15,7%-ды, кәсіби орта білімділер – 28,1%-ды, орта білімділер – 53,5%-ды құрайды.
Қоныстандыру негізінен еңбек күші тапшы өңірлерде жүзеге асуда. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстарына 2025 жылға арналған квота 2 309 адамды қамтиды, олардың 1 286-сы қазірдің өзінде қоныстанған. Мемлекет тарапынан көшуге біржолғы субсидия (275,2 мың теңгеге дейін) және бір жыл бойы тұрғын үй жалдауға төлемақы ұсынылады.
Жыл басынан бері 563 қандасқа қолдау көрсетіліп, 221 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ солтүстік өңірлерге қоныстанушыларды ынталандыру үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізіліп, ол арқылы тұрғын үй құнының 50%-ына дейін немесе бір отбасына 4,56 млн теңгеге дейін өтеусіз қаржылай көмек беріледі.