Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылы қарсаңында Шымкенттегі бірқатар білім беру ұйымдарын аралап, қалада үшауысымды оқыту мәселесі шешілгенін мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министр сапар барысында балалардың қауіпсіздігіне, мектеп инфрақұрылымын жаңғыртуға және педагогтермен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді. Қала мектептерінің барлығы бейнебақылаумен жабдықталып, ІІМ мен әкімдіктің ахуалдық орталықтарына қосылған.
Мемлекет басшысының бастамасымен іске асқан «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында Шымкентте 12 жаңа мектеп бой көтерді. Солардың ішінде 2030 оқушыға арналған №144 мектеп те бар.
Шаһарда реновация бағдарламасы шеңберінде 11 білім беру ұйымы жаңартылып жатыр. Сондай-ақ инклюзивті білім беру көрсеткіші мектептерде 95 пайызға жеткен.
Министр колледждер мен қосымша білім беру мекемелерін де аралап, жаңа оқу жылынан бастап Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь ретінде пайдаланылатынын жеткізді.
Бүгінде Шымкентте 1100-ден астам білім беру ұйымы жұмыс істейді, оның ішінде 290 мектепте 271 мың оқушы мен 32 мың мұғалім бар.