homepage
Фото: REUTERS/Hollie Adams

Ұлыбританияда сотталған қылмыскерлерге футбол матчтарына кіргізбейді

24.08.2025, 16:28

Ұлыбритания билігі түрме дағдарысын шешу үшін сотталған қылмыскерлерге пабқа, концерттерге және футбол матчтарына баруға тыйым салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz Рейтерске сілтеме жасап.

Жаңа ережелер бойынша соттар қылмыскерлердің еркіндігін көлік жүргізу, сапарлау немесе белгілі бір аймаққа кіру секілді шектеулер арқылы тежей алады.

Әділет министрі Шабана Махмудтың айтуынша, қоғам ережесін бұзғандар міндетті түрде жазалануы тиіс және жазасын қоғам ішінде өтеп жүргендердің де еркіндігі шектелуі қажет.

Ұлыбритания қамаудағы адамдардың саны бойынша Батыс Еуропада алдыңғы орында тұр. Түрмелерде орын тапшылығына байланысты билік тұтқындарды мерзімінен бұрын босатуға мәжбүр болып келеді. Жаңа шаралар қауіпті қылмыскерлерге орын жеткілікті болуын қамтамасыз етуге және қылмыс деңгейін азайтуға бағытталған.

Қазір тек стадион ішінде тәртіп бұзғандарға ғана футбол матчына баруға тыйым салынады. Алдағы заң өзгерісі кез келген қылмыс жасаған адамға мұндай шектеу қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, пробация қызметінің бақылауындағы босап шыққан тұтқындарға міндетті есірткі сынағы енгізіледі. Жаңа ережені бұзғандар қайтадан сотқа тартылып, түрмеге қайтарылуы мүмкін.