Тайбэйде Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толуына арналған шарада ардагер Пан Чэн-фа жеңісте басты рөлді Қытай Республикасының әскері атқарғанын айтып, коммунистердің үлесін жоққа шығарды. Осыған байланысты Тайвань мен Қытай арасында соғыстағы жеңісті кім иемденуі тиіс деген тартыс күшейіп тұр, деп хабарлайды Juzmedia.kz Рейтерске сілтеме жасап.
Тайвань билігі Қытай Коммунистік партиясын тарихты бұрмалап, өзін Жапонияға қарсы соғыстың негізгі күші ретінде көрсетуге тырысты деп айыптады. Ресми мәліметке сүйенсек, бейбіт келісімге де Қытай Республикасының үкіметі қол қойған, ал коммунистер сол кезеңде көбірек өз күшін нығайтуға және республикалық билікке қарсы күреске басымдық берген.
Тайбэйде өткен еске алу іс-шаралары шағын ауқымда өтті, онда тек республикалық әскердің рөлі көрсетілді.
Ал Бейжің өз кезегінде Коммунистік партияның жапондарға қарсы күрестегі жетекші рөлін ешкім жоққа шығара алмайды деп отыр. Қытайдың ресми басылымы халықты партияның сүйеніш болғанын жоққа шығаруға қарсы ескертті.
Сонымен қатар, Бейжің 1945 жылғы жеңістің нәтижесінде Тайвань Қытайға «қайтарылғанын» атап өтті. Алайда Тайбэй бұл аралды Қытай Халық Республикасына ешқашан бермегенін айтып, Пекиннің мұндай түсіндірмесін саяси талап деп бағалады. Тайвань президенті Лай Чин-те өз мәлімдемесінде қазіргі әскери қауіпке меңзеп, «агрессия түбі жеңіледі» деп жазды.