Әлем карталарында Африка шын көлемінен кішірейіп көрсетіледі. Африка ұйымдары бұл әділетсіздікті түзету үшін Equal Earth картасын енгізуді талап етіп отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz Ассошиэйтед Пресс-ке сілтеме жасап.
«Africa No Filter» және «Speak Up Africa» ұйымдары биыл көктемде басталған науқанда мектептер мен халықаралық ұйымдарды Equal Earth картасын қолдануға шақырды. Олар Меркатор картасының Африканың нақты көлемін кішірейтіп көрсететінін, бұл құрлықтың экономикалық, демографиялық және стратегиялық маңызын төмендететінін айтады.
14 тамызда Африка одағы ресми түрде осы кампанияны қолдап, қозғалыстың басты жетістігіне айналды.
Меркатор картасы XVI ғасырда еуропалық теңізшілерге ыңғайлы болу үшін жасалған. Ол полюске жақын аймақтарды үлкейтіп, Африка мен Латын Америкасын кішірейтіп көрсетеді.
Ал 2018 жылы жасалған Equal Earth картасы жердің қисықтығын ескеріп, құрлықтарды нақты пропорцияда көрсетеді. Географтар Меркатор картасын ескірген деп санайды және оны тек тарихи мақсатта қолдануға болатынын айтады.