БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың бірлескен жүйесі – Азық-түлік қауіпсіздігін бағалау (IPC) Газа қаласы мен оған іргелес аудандарда ашаршылық орнағанын ресми жариялады деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.
IPC дерегінше, қазір 514 мың адам, яғни Газа халқының төрттен бірі аштық жағдайында өмір сүріп отыр. Бұл көрсеткіш қыркүйектің соңына дейін 641 мыңға жетуі мүмкін. Ұйым мұндай деңгей Африкадан тыс жерде алғаш рет тіркеліп отырғанын атап өтті.
БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш жағдайды «адам қолымен жасалған апат» деп бағалап, дереу атысты тоқтатуға және гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырды. Израиль үкіметі болса бұл есепті «жалған» деп атап, соғыстың басынан бері 2 миллион тонна гуманитарлық көмекті кіргізгенін мәлімдеді.
Алайда БҰҰ және гуманитарлық ұйымдар көмектің жеткізілуіне кедергілер бар екенін, ал халықтың аштықтан жаппай қырылуы соғыс қылмысына жатуы мүмкін екенін ескертуде.
Британия, Канада, Аустралия және бірқатар еуропалық елдер IPC есебін «жантүршігерлік» деп бағалап, Израильді азық-түлік пен дәрі-дәрмекті кедергісіз жеткізуге шақырды.
Ал АҚШ мемлекеттік департаменті көмектің ұрлануы мүмкін екенін айтып, Газаға гуманитарлық қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді. Соңғы сауалнамада америкалықтардың 65%-ы АҚШ аштыққа ұшыраған палестиналықтарға көмектесу керек деп санайтыны анықталды.
Газа қақтығысы 2023 жылдың 7 қазанында ХАМАС-тың Израильге жасаған шабуылынан кейін басталған. Сол уақыттан бері Газа денсаулық сақтау органдары 62 мыңнан астам палестиналық қаза тапқанын хабарлады.