S&P Global Ratings Қазақстанның егеменді кредит рейтингіне қатысты болжамын «тұрақтыдан» «позитивке» өзгертіп, елдің рейтингін «ВВВ-» деңгейінде растады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттік оң болжамды ел экономикасын әртараптандыру, мемлекеттік басқару сапасын арттыру, бюджет тапшылығын қысқарту және ақша-несие саясатын нығайту шараларымен байланыстырды. Сондай-ақ сыртқы қарыздың қалыпты, халықаралық резервтердің тұрақты деңгейін атап өтті.
S&P сарапшылары банк секторының геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерге төзімділігін, капитал жеткіліктілігін және өтімділіктің тұрақты екенін бағалады. Макропруденциалдық шараларды күшейту аясында тұтынушылық кредиттің азаюы мүмкін екені айтылды.
Агенттіктің болжамынша, Ұлттық инфрақұрылым жоспары экономиканы кезең-кезеңімен әртараптандыруға ықпал етеді. 2025 жылы ЖІӨ өсімі 5,5% деңгейінде күтіліп отыр, кейін 2026–2028 жылдары ол шамамен 4%-ға баяулайды.
Жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қабылдау және институционалдық реформалар фискалдық тұрақтылықты нығайтып, елдің өтімді активтерін сақтауға мүмкіндік береді.