homepage
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Астанада боччадан халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті

22.08.2025, 19:56

Астанада алғаш рет боччадан Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық жарысы басталды. Турнирде 12 елден келген спортшылар бақ сынап, 2028 жылғы Лос-Анджелес Паралимпиадасына қатысуға қажетті рейтингтік ұпай жинайды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.

Мәулен Әшімбаев жарыстың елімізде алғаш рет өткізіліп отырғанын атап өтіп, Қазақстанда инклюзивті қоғам қалыптастыруға мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша мән беріп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, Корея, Сингапур, Үндістан, Италия, Иран және басқа да елдерден келген 56 үздік спортшының қатысуы – Қазақстанда параспортты дамытудағы маңызды қадам.

Федерация президенті Қазақстанның инклюзия мен теңдікке басымдық беретін жаһандық қоғамдастықтың белді өкіліне айналғанын атап, турнирдің параспорт пен инклюзия мәдениетін дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.

Турнир Қазақстан бочча федерациясының ұйымдастыруымен, Туризм және спорт министрлігінің және «Самұрық-Қазына» АҚ-ның қолдауымен өтуде.