Ақтөбе облысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері 70 жастағы зейнеткерге алаяқтар иемденген 9 миллион теңгеден астам қаражатын қайтарды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Зейнеткер екі ай бойы алаяқтардың ықпалында болып, барлығы 18 миллион теңгеден астам қаржысын берген. Алдымен 20 жыл бойы жинаған жинақ ақшасын жолдаса, кейін пәтерін сатып, түскен қаражатты да жіберген. Қаржы такси қызметі арқылы маусым және шілде айларында жолданған.
Алаяқтар кең таралған схема бойынша әрекет еткен: әйелдің телефонына SMS-хабарлама жіберіп, артынша өзін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, банк шотына шабуыл жасалғанын айтып сендірген. Осы сылтаумен қарияны ақшасын «қауіпсіз шотқа» салуға көндірген.
Жедел топ ұрланған қаражаттың Шымкентке жіберілгенін анықтап, тәркілеп үлгерді.
Қайтарылған ақшасын полиция бөлімінде алған зейнеткер көз жасына ерік беріп, алғысын білдірді. Ол бұл қаражатты туған күніне алған ең үлкен сыйлыққа балағанын айтты.