Шымкентте өтіп жатқан XVI Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы 2 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль еншілеп, барлығы 9 жүлдеге қол жеткізді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Алғашқы алтынды 10 метрлік пневматикалық винтовкадан Ислам Сатпаев жеңіп алды. Ол финалда қытайлық және кореялық қарсыластарын артта қалдырып, Азия чемпионы атанды. Жасөспірімдер арасындағы «скит» жаттығуында Артём Седельников жеңіске жетіп, екінші алтынды сыйлады.
Әйелдер арасында Анастасия Молчанова қола жүлде иеленсе, командалық сында Молчанова, Ольга Хайлова және Адель Садақбаева күміс медальға қол жеткізді.
Жасөспірімдер арасындағы ПП-3 жаттығуында ерлер командасы (Кирилл Федькин, Рамазан Ынтықбай, Кирилл Цуканов) мен қыздар құрама командасы (Сәуле Әлімбек, Кристина Устинова, Асылым Жақия) қола жүлдегер атанды. Жастар құрамасы да дәл осы жаттығуда (Кира Владимирова, Алиса Краденова, Софья Жукова) қола медаль жеңіп алды.
ПП-микс бағдарламасында жасөспірімдер жұбы Кирилл Федькин мен Сәуле Әлімбек, сондай-ақ Даниил Смирнов пен Алиса Краденова тағы екі қола жүлде қосып, ел қоржынын толықтырды.
Чемпионатқа 27 елден 800-ден астам спортшы қатысуда. Жарыс Қазақстан нысана көздеу федерациясының ұйымдастыруымен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр.