Семей қаласында ер адам жаңа көпірдің пилонына көтеріліп, секірмек болған, бірақ ТЖМ құтқарушылары мен психологының жедел әрекетінің арқасында аман қалды деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Абай облысы ТЖД-ның 112 пультіне төтенше жағдай туралы хабарлама түскеннен кейін оқиға орнына төтенше жағдайлар қызметі, полиция, жедел жәрдем және жергілікті билік өкілдері жіберілді.
Ертіс өзенінде қауіпсіздік мақсатында құтқару қайықтары орналастырылып, жағдайды бақылау үшін дрон қолданылды.
Ер адаммен келіссөзді Оперативті-құтқару жасағы бөлімшесінің бастығы Ринат Бабаджанов жүргізді. Құтқарушының кәсіби біліктілігі мен қызметтердің үйлесімді әрекетінің арқасында ер адам көпір пилонынан аман-есен түсірілді.