Жетісу облысында алимент төлеуден жалтарған азаматқа қойылған шетелге шығу шектеуі заңсыз түрде алынып тасталған. Соның нәтижесінде борышкер Корея Республикасына кетіп, қазіргі уақытта сонда жүр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратураның мәліметінше, алимент өндіру туралы іс бірнеше жылдан кейін мемлекеттік сот орындаушысынан жеке сот орындаушысына берілуі тиіс болған. Осы кезде борышкердің елден шығуына қойылған шектеу өндіріп алушының атынан жазылған жалған өтініш негізінде алынған.
Алайда өндіріп алушы мұндай өтініш бермегенін және ол кезде Қазақстаннан тыс жерде болғанын растады.
Нәтижесінде борышкердің алимент қарызы өтелмей қалған. Қазір сот орындаушысына қатысты қызмет бабын асыра пайдалану дерегі бойынша Қылмыстық кодекстің 362-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталды.