homepage
Фото: Kazinform

Ақтөбеде әйелін ұрып өлтірген ер адам 8 жылға сотталды

21.08.2025, 11:24

Ақтөбе қаласының № 2 соты әйелінің өліміне себеп болған ер адамды кінәлі деп танып, оны 8 жылға бас бостандығынан айырды деп хабарлайды Juzmedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Іс материалдарына сәйкес, ол әйелінің басынан бірнеше рет ұрып, соның салдарынан жәбірленуші төсектен тұра алмай қалған. Алғашында дәрігерлер ауруханаға жатқызуды ұсынғанымен, әйел бас тартқан. Кейін жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне жеткізілгенімен, көз жұмды.

Сараптама қорытындысы өлімнің бас миына түскен ауыр соққыдан болғанын растады.

Сотта айыпталушының бұған дейін де әйеліне қол көтергені дәлелденді. Прокурор 10 жыл жаза сұрағанымен, сот оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша саралап, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар, сот жедел жәрдем қызметінің жұмысына қатысты кемшіліктерді жою жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасына жеке қаулы шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.