АҚШ-тың Род-Айленд штатында онлайн танымал болған отставкадағы судья Фрэнк Каприо өмірден өтті. Ол 88 жаста еді. Ресми деректерге сүйенсек, Каприо ұйқы безі обырымен ұзақ күрестен кейін қайтыс болды деп хабарлайды Juzmedia.kz Ассошиэйтед Пресс-ке сілтеме жасап.
Каприо 2023 жылға дейін 40 жылға жуық Провиденс қалалық сотында қызмет атқарды. Оның «Caught in Providence» атты телешоуы әлемге таралып, миллиардтан астам қаралым жинады.
Судьяның адамгершілікке толы шешімдері, қарапайым әзілдері және соттағы мейірімділігі көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөледі. Ол көбіне ұсақ құқықбұзушылықтарды кешіріп, айыппұлдарды жеңілдетіп, адамдардың жағдайына түсіністікпен қарады.
Фрэнк Каприо «әділет тек жазалау емес, ол – мейірім мен әділдік» екенін жиі айтатын. Оның ең танымал бейнелерінің бірі – ата-аналарының ісін сотта балаларға шештірген сәттері, сондай-ақ мұқтаж жандардың айыппұлдарын кешірген кездері болды. Судья даңқын пайдаланып, қоғамдағы теңсіздіктерге назар аударуға тырысты.
Каприо отбасы оны «мейірімді, кішіпейіл, адамдардың жақсылығына сенген жан» деп сипаттады. Род-Айленд губернаторы Дэн Макки: «Каприо жай ғана судья емес, адамгершілік пен әділеттіліктің үлгісі болды» деп мәлімдеді.
Фрэнк Каприоның өмір жолы – қарапайым отбасынан шыққан адамның мейірім арқылы миллиондаған жүрекке жол таба алғанының айғағы болып қалды.