Франция президенті Эммануэль Макрон Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудың айыптауларына жауап беріп, оны «жиіркенішті әрі қате» деп атады. Нетаньяху Францияның Палестина мемлекетін мойындау бастамасы елдегі антисемитизмнің өсуіне себеп болды деп мәлімдеген еді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Франция президентінің кеңсесі: «Бұл талдау дұрыс емес, мұндай мәлімдемелер жауапсыз қалмайды. Қазір жауапкершілік пен салмақтылық қажет, ал жалпылау мен манипуляция керісінше жағдайды ушықтырады» деп мәлімдеді.
Нетаньяху Макронға жолдаған хатында Францияда еврейлерге қарсы шабуылдар Палестинаны мойындау жоспары жарияланғаннан кейін артқанын жазған. Ал Париж мұны қабылдамай, еврейлерге қарсы кез келген зорлық-зомбылыққа қатаң шара қолданатынын айтты.
Францияда шамамен жарты миллион еврей тұрады. Соңғы жылдары елде антисемиттік оқиғалар жиілеп, әсіресе 2023 жылғы 7 қазандағы ХАМАС шабуылдарынан кейін күрт көбейген. Макрон мұндай әрекеттерге жол берілмейтінін және кінәлілердің міндетті түрде жазаланатынын атап өтті.