Астанада жасөспірімдердің қайырымдылық жәшіктерімен ұсталғаны қоғамда талқыға түсті. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті кәмелетке толмағандардың кез келген қызметі заң аясында ғана жүзеге асуы тиіс екенін еске салды хабарлайды Juzmedia.kz.
Заңға сәйкес:
Волонтер тек 18 жастан бастап бола алады;
18 жасқа дейінгі балалар тек денсаулығына зиян келтірмейтін жағдайда ғана волонтерлікке қатысады;
16 жасқа дейінгілерге ата-анасының жазбаша келісімі қажет.
Айта кетейік, Астана прокуратурасының рейдінде 2008–2010 жылы туған сегіз жасөспірімнің заңсыз ақша жинауға тартылғаны анықталды. Үш қор қайырымдылық атымен 340 млн теңге жинап, қаражатты басқа мақсаттарға жұмсаған.
Ұйымдастырушыларға «Алаяқтық» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Комитет ұйымдастырушыларды балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қамтамасыз ету үшін заңды қатаң сақтауға шақырды.