Астанада әлеуметтік желілерде «табысты кәсіпкер» ретінде танылғысы келген азамат қымбат қонақүйлер мен мейрамханаларда тегін өмір сүріп, 3 жылға бас бостандығынан айырылды деп хабарлайды juzmedia.kz қалалық прокуратураға сілтеме жасап.
Тергеу дерегінше, ол 5 ай бойы достарымен бірге бес жұлдызды қонақүй бөлмелерінде тұрып, элиталық мейрамханалардан ас ішіп, сәнді киім дүкендерінен тауар алған. Төлем кезінде банк атынан расталмаған құжаттарды көрсетіп, қызметкерлерді алдап отырған.
Алаяқ қонақүй бөлмелерін брондап, бірнеше күн бойы қымбат тағамдар мен сусындарға тапсырыс берген. Қызметкерлерге жалған төлем тапсырмаларын ұсынып, оларды сендірген. Шын мәнінде оның шотында ақша болмаған.
Нәтижесінде жәбірленушілерге 8 млн теңгеден астам шығын келді. Тек ақшаның түспегенін білген соң ғана олар құқық қорғау органдарына жүгінген.
Сотталушы кінәсін мойындап, бұл әрекеттерді әлеуметтік желілерде өзін бай кәсіпкер ретінде көрсету үшін жасағанын айтты. Ол жиі қымбат жерлерде түсірілген суреттерін жариялап отырған.
Сот үкімімен алаяқ 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Сонымен бірге келтірілген материалдық шығын жәбірленушілерге толық өндірілді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.