homepage
Фото: REUTERS/Dawoud Abu Alkas

Америкалықтардың көбі Палестинаны тәуелсіз мемлекет ретінде тануды қолдайды

20.08.2025, 16:56

Америкалықтардың 58%-ы БҰҰ-ға мүше барлық ел Палестинаны мемлекет ретінде мойындауы керек деп санайды. Бұл туралы Reuters/Ipsos жүргізген жаңа сауалнама нәтижесінде белгілі болды. Респонденттердің 33%-ы бұл пікірмен келіспеген, 9%-ы жауап бермеген деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Алты күнге созылған сауалнама дүйсенбі күні аяқталды. Ол Канада, Ұлыбритания және Францияның Палестинаны ресми тануға ниет білдірген мәлімдемелерінен бірнеше апта өткен соң жүргізілді. Бұл шешім Израильге қысымды күшейтті, себебі Газа секторында аштық күшейіп отыр.

Reuters дерегінше, сауалнама Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты тоқтату жөніндегі келісім мүмкіндігі талқыланып жатқан тұста жасалды. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Израиль ХАМАС-тың 60 күндік бітім мен тұтқында отырған израильдіктердің жартысын босату туралы ұсынысына жауапты қарастыруда.

Бұған дейін Ұлыбритания, Канада, Австралия және бірқатар еуропалық одақтастары Газа секторындағы гуманитарлық дағдарыс «елестетуге келмейтін деңгейге» жеткенін мәлімдеген.

БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы да Израиль жеткізіп отырған гуманитарлық көмектің аштықты болдырмауға жеткіліксіз екенін атап өтті. Израиль бұл айыптауды жоққа шығарып, көмекті ХАМАС тартып алып отыр деп мәлімдесе, ұйым мұны теріске шығарады.

Сауалнамаға қатысқандардың 65%-ы АҚШ-тың Газада аштыққа ұшыраған халыққа көмектесуі қажет деп есептейді. Ал 28%-ы бұған қарсы. Қарсы болғандардың ішінде Дональд Трампты қолдайтын республикалықтардың 41%-ы бар.

Сонымен қатар сауалнамаға қатысқандардың 59%-ы Израильдің әскери операциялары «шамадан тыс» деп санайтынын білдірген. 33%-ы бұл пікірмен келіспеген. Ал 2024 жылғы ақпандағы ұқсас сауалнамада «Израильдің әскери қимылдары шамадан тыс» деген пікірді 53% қолдаған болатын.

???? Еске салсақ, қақтығыс 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС жасақтарының Израильге шабуылынан басталды. Израильдің мәліметінше, сол күні 1 200 адам қаза тауып, 251 адам тұтқынға алынған.

Ал Газа билігінің дерегінше, Израильдің қарымта операциясынан бері 62 мыңнан астам палестиналық көз жұмды, аймақ халқының басым бөлігі босқынға айналды.