homepage
Фото: REUTERS

АҚШ-тың Қытайға қарсы құпия дрон жобасы сәтсіздікке ұшырады

20.08.2025, 16:28

АҚШ Әскери-теңіз күштері Қытайдың ықтимал шабуылына қарсы қолдануды көздеген теңіз дрондарын сынақтан өткізуде бірінен соң бірі сәтсіздікке тап болуда деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Reuters-тің мәліметінше, Калифорния жағалауындағы сынақта бір дрон істен шығып, екіншісі соған соғылып аударылған. Бұған дейін тағы бір сынақта автономды кеме сүйретіп келе жатқан қайықты аударып, капитанын суға құлатқан. Абырой болғанда ол дін аман құтқарылған.

Апаттарға бағдарламалық қателіктер мен адам факторына байланысты басқару жүйелерінің үйлеспеуі себеп болған. Осыдан кейін Пентагон сынаққа жауапты L3Harris компаниясымен келісімшартты уақытша тоқтатты.

АҚШ әскери басшылығы Қытайдың Тайваньға ықтимал шабуылын тежеу үшін әуе және теңіз дрондарының «ройларын» құруды басты бағытқа айналдырған еді. Дегенмен соңғы сәтсіздіктер бұл жобаның әлсіздігін көрсетіп берді.

Сонымен қатар АҚШ ӘТК-нің дрон сатып алу бағдарламасы да дағдарысқа тап болды: жауапты адмирал қызметінен босатылып, құрылымның жұмысы қайта қаралуда.

Сарапшылар Пентагон дрон жобасын жылдамдатуға тырысқанымен, әскери бюрократияның баяу шешім қабылдау дәстүрі оған үлкен кедергі болып отырғанын айтады.