homepage
Фото: polisia.kz

Маңғыстауда киік ұшалары мен мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын ұсталды

20.08.2025, 13:22

Маңғыстау облысында киік ұшалары мен мүйіздерін заңсыз сақтаған тұрғын анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері мен «Бүркіт» арнайы бөлімшесі, сондай-ақ облыстық прокуратураның үйлестіруімен Бейнеу ауданының Тұрыш ауылындағы бір үйдің ауласынан заңсыз әрекеттердің дерегі әшкереленді.

Тінту кезінде Қызыл кітапқа енгізілген 9 киіктің ұшасы, 30 мүйізі, 16 мм калибрлі оқ-дәрілер және өзге де айғақтар табылып, тәркіленді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалып, материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілді.

Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден кетпеу туралы қолхат алынды.