Бүігін Шымкент қалалық сотында әкім орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша үкім шықты. Судья Әбінұр Қарабаев айыпталушы Ернар Жиембайды орта қауіпсіздік колониясында 9 жылға бас бостандығынан айыруға үкім етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Сонымен қатар сот Жиембайды жәбірленушінің пайдасына 30 АЕК (117 960 теңге) өтемақы төлеуге міндеттеді.
Алдын ала тыңдау 28 шілдеде өтіп, сот ашық түрде жүргізілді. Үкім шығар алдында Жиембай соңғы сөзінде әрекетін «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабына ауыстыруды және өкінуін ескеріп, бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұраған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.
Мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Қараманов сотталушыға нақты мерзім белгілеуді сұраған еді.
21 сәуір кешке Шымкент әкімдігі ғимараты маңында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке оқ атылған. Чиновник ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Операция 4 сағатқа созылған. Күдікті Ернар Жиембай оқиға орнында ұсталып, оған Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіруге оқталу») бойынша айып тағылды.
Берденов сотта сол сәтті баяндап беріп, өз өміріне жасалған шабуылды қалай бастан өткергенін айтты. Оның айтуынша, денесінде 60-тан астам бытыра қалған.