homepage
Фото: REUTERS/Kevin Lamarque

Ақ үйде Трампты таңғалдырған Зеленскийдің костюмін кім тікті?

20.08.2025, 12:54

Дүйсенбі бүкіл әлемнің назарын аударған Ақ үйдегі Трамп пен Зеленскийдің кездесуінде киімге қатысты тағы да әңгіме болды. Ол Украина президентінің костюмі болатын. Жұрттың ерекше назарын аударған осы костюмді украиналық дизайнер Виктор Анисимов тіккен болатын деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ke сілтеме жасап.

Украина президенті Владимир Зеленский алғаш рет Вашингтондағы Ақ үйге қара костюммен келді. Бұл – соғыс басталғалы бері әскери үлгідегі киімнен айнымай жүрген мемлекет басшысы үшін жаңа имидж.

Виктор Анисимов киімнің арқасына жасалған шағын ойық арқылы азаматтық стильге жақындатуды мақсат еткен.

«Бұл – біздің бейбітшілікке деген үмітіміз. Аздап азаматтық сипат берсек, ол сәттілік әкелетін тұмарға айналады деп сенеміз», – деді ол Reuters-ке.

Жаңа киім өзін ақтады: дүйсенбі күні Ақ үйдегі кездесуде АҚШ президенті Дональд Трамп Зеленскийдің костюміне мақтау айтты. Айта кетейік, биыл ақпанда өткен сәтсіз кездесуде Трамп оның әскери стиліне сын айтқан еді.

Анисимов мұны Украина азаматтарына бағытталған емеурін ретінде қабылдаған.

«Олар біздің қалай өмір сүретінімізді, қандай жағдайда тіршілік етіп, қалай тыныстайтынымызды мүлде түсінбейтін сияқты, сондықтан да бір үмітсіздік сезімі пайда болды», – дейді ол.

Зеленский соғыс басталғаннан бері әскери үлгідегі киім арқылы майдандағы жауынгерлермен бірлігін көрсетіп келген. Алайда соңғы уақытта оның бейнесіне өзгерістер енгізілуде. Президент Анисимовтың костюмдерін бұған дейін де – Рим Папасы Францисктің жерлеу рәсімінде және НАТО саммитінде киген.

Дизайнердің айтуынша, қара костюм бастапқыда Украина Тәуелсіздігі күніне арналып дайындалған. Бірақ шұғыл қажеттілікке байланысты Зеленскийдің АҚШ сапарында қолданылды.

«Мақтау ма, сын ба – бәрібір. Бастысы – президентіміздің келбеті лайықты болуы. Біз жеңеміз, ал ол кезде кімнің костюмі болғаны маңызды болмайды», – дейді Анисимов.