homepage
Фото: REUTERS/Maxim Shemetov

Қытай парадта әскер күші мен заманауи қаруын паш етпек

20.08.2025, 11:37

Қытай астанасы Бейжіңде қыркүйек айының басында Жапонияның тізе бүккеніне 80 жыл толуына арналған ауқымды әскери парад өтеді. «Victory Day» деп аталатын шараға ондаған мың адам жұмылдырылып, бұрын-соңды көрсетілмеген заманауи қару-жарақ түрлері таныстырылады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Reuters-ке сілтеме жасап.

Әскери шенділердің айтуынша, парадта жүздеген ұшақ – жойғыштар мен бомбалаушылардан бастап, гипердыбыстық қаруларға дейін көрсетіледі.

Жаңа танктер, ұшқышсыз аппараттарға қарсы құрылғылар, Қытайдың әуе кемелерін қорғауға арналған ерте ескерту жүйелері мен зымырандардың жаңа түрлері де назарға ұсынылмақ.

Парад 3 қыркүйекте Тяньаньмэнь алаңында өтеді. Оны ҚХР төрағасы Си Цзиньпин шетелдік қонақтармен бірге тамашалайды.

Әзірге қай елдердің көшбасшылары қатысатыны жарияланған жоқ. Алайда 2015 жылғы соңғы осындай шараға Ресей президенті Владимир Путин бастаған бірқатар шетелдік делегациялар қатысқан болатын.

Билік парадқа дайындықты аяқтағанын мәлімдеді. Бұған дейін Бейжің орталығында екі рет ауқымды дайындық шаралары өткізіліп, 40 мыңға жуық әскерилер мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған.