АҚШ-тың дәстүрлі одақтастарына қатаң саясаты Жапония мен Оңтүстік Кореяда Вашингтонның қауіпсіздік кепілдіктеріне деген сенімді әлсіретуде. Reuters-тің арнайы зерттеуінде Жапониядағы билеуші партия өкілдері мен сарапшылар елдің ядролық қарудан бас тарту саясатын қайта қарау қажеттігін ашық айта бастағаны жазылған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін АҚШ-тың ядролық «қолшатырын» негізгі қорғаныш ретінде қабылдап келген Токио көрші Қытай, Солтүстік Корея және Ресейдің ядролық әлеуетінің күшеюін алаңдаушылықпен бақылап отыр.
Либерал-демократиялық партияның ықпалды мүшесі, бұрынғы қорғаныс министрінің орынбасары Руй Мацукава «АҚШ-тың қатысуына сене беруге болмайды» деп мәлімдеді. Оның пікірінше, егер Вашингтон міндеттемелерін әлсіретсе, Жапония «ядролық дербестікке» баруы мүмкін.
Reuters жазғандай, Жапонияның «үш бейядролық қағидатын» қайта қарау немесе АҚШ ядролық қаруын ел аумағына кіргізу мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Қоғамдық пікір де өзгеруде: соңғы сауалнамада жапондардың 40%-дан астамы ядролық саясатты қайта қарауды қолдаған.
Ал Оңтүстік Кореяда бұл қолдау әлдеқайда жоғары – халықтың үштен екісінен астамы елдің өз қаруын жасағанын қалайды.
Ресми Токио мен Сеул Вашингтонмен альянсты сақтауға тырысқанымен, Қытайдың қарқынды ядролық қарулануы және Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран бағдарламасы аймақтағы қауіпсіздік ахуалын түбегейлі өзгертіп отыр.
Сарапшылардың айтуынша, Жапония қажет болған жағдайда алты ай ішінде ядролық қару жасауға техникалық мүмкіндікке ие.
Reuters атап өткендей, ядролық табу Жапониядағы соңғы «қауіпсіздік тыйымы» болып келген. Бірақ «Трамп факторы» мен аймақтағы геосаяси өзгерістер бұл тыйымды шайқалтып, Азияда жаңа ядролық дәуірдің басталуына жол ашуы мүмкін.