«Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында ата-аналар мен заңды өкілдердің есепшоттарына шамамен 20 млрд теңге аударылып, 430 мыңнан астам бала қамтылды. Бұл жалпы алушылардың 87%-ына жуық, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қаржы бүгінде толық көлемде Астана мен Шымкент қалаларына жеткізілді, нәтижесінде 100% отбасы көмек алды.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова өңірлерде төлем белсенді жүргізіліп жатқанын айтып, қолдау алғандар сатып алынған тауарларды растайтын құжат тапсыруы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, төлем алу үшін өтініш жазу жеткілікті.
2025 жылы көмек көлемі ұлғайып, 500 мыңнан астам балаға таратылады. Қаржыландыру жалпы 23,1 млрд теңгені құрайды. Төлем мөлшері өңірлік мәслихат шешімімен бекітіледі, бірақ бір балаға кемінде 46 228 теңгеден төмен болмайды.
Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалғандар, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың балалары, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болғандар қолдау аясында қамтылмақ.
Министрліктің дерегінше, 2023 жылдан бері материалдық көмек көлемі 2,5 есеге өсіп, 17 мыңнан 46 мың теңгеге дейін артқан.