homepage
Фото: Aqorda

Тоқаев паралимпиада комитеттерінің басшыларымен кездесті

19.08.2025, 16:01

Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық паралимпиада комитетінің (IPC) президенті Эндрю Парсонс пен Азия паралимпиада комитетінің (APC) президенті Маджид Рашедті қабылдады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кездесу барысында паралимпиадалық қозғалысты дамыту, халықаралық жарыстарды Қазақстанда өткізу, сондай-ақ отандық спортшылардың білім беру бастамаларына және халықаралық бағдарламаларға қатысу мәселелері талқыланды.

Эндрю Парсонс Парижде өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының жетістіктерін атап өтті. Қазақстан спортшылары тоғыз медаль иеленіп, алғаш рет екі алтын алған. Оның айтуынша, бұл — жүйелі дайындықтың және дұрыс таңдалған бағыттың нәтижесі.

Маджид Рашед Қазақстанда паралимпиадалық спорт түрлерінің дамып келе жатқанын айтты. Ол елде спортшыларға жасалған жағдайды жоғары бағалап, Астанада өтіп жатқан Азия паралимпиада комитетінің Бас ассамблеясы үшін көрсетілген қолдау үшін алғыс білдірді.

Қазір Қазақстанда 19 паралимпиадалық спорт түрі дамып келеді. Жыл сайын 800-ден астам жарыс өткізіліп, оған 10 мыңнан астам адам қатысады. Ұлттық құрамада 1 мыңнан астам спортшы бар.