homepage
Фото: egemen.kz

Алматыда ірі несие алаяқтығы әшкереленді

19.08.2025, 13:23

Алматы қаласында «Comfort Time» ЖШС және онымен байланысы бар компаниялардың басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар банктерден заңсыз несие алудың күрделі сызбасын ұйымдастырған.

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, қылмыскерлер жалған компаниялар ашып, шын мәнінде жұмыс істемейтін адамдардың атына жалған зейнетақы аударымдарын көрсеткен. Соның негізінде банктерге «қарыз алушылардың тұрақты табысы бар» деген жалған құжат өткізіп отырған.

Осылайша банктер сеніп қалып, несие берген. Ал ұйымдастырушылар әр несие үшін қарыз алушылардан берілген соманың 10%-ына дейін «сыйақы» алып отырған.

Қазіргі мәліметке сай, бұл схема арқылы 399 млн теңгенің 140 несиесі рәсімделіп, бірақ қайтарылмаған. Көбіне несие алғандар – жұмыссыздар немесе бұрыннан нашар несие тарихы бар адамдар болған.

Алаяқтық тек Алматыда ғана емес, сондай-ақ Астана, Шымкент, Жетісу, Абай, Маңғыстау, Жамбыл және Ақтөбе облыстарында да анықталды.