homepage
Фото: UKIMET

Премьер-министрдің Жолаушылар тасымалы саласында қызмет сапасына көңілі толмады

19.08.2025, 11:18

Жолаушылар тасымалы саласында қызмет сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халық шағымы азаймай отыр. Бұл мәселені Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов көтерді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

— Жолаушылар тасымалы саласына ерекше назар аудару керек. Қызмет көрсету сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халықтың тарапынан арыз-шағымдар азайған жоқ. Бұл теміржол саласымен қатар, еліміздің имиджіне әсер етеді. Сондықтан барлық тасымалдаушылар жолаушылар вагондары мен локомотив паркін жүйелі түрде жаңарып отыруын қамтамасыз етуі қажет, — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, қазіргі заманға сай әрі жайлы жолаушылар вагондарын шығару отандық зауыттарда жолға қойылған. Ұлттық тасымалдаушы оларды қолданысқа енгізіп жатыр. Сонымен қатар жүк вагондарын да жаңарту қажет.

Премьер-министр Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолына» жылжымалы құрамның қозғалыс жылдамдығын арттыру, заманауи әзірлемелерді енгізу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, темір жол жобалары уақытында пайдалануға берілуі тиіс екенін атап өтті.